728 x 90

«Балалар туристік пойызы» іске қосылады. Ал «Kids go free» жобасы Мәжіліс қарауында

Жақсы бастамаларымен көзге түскен Арыстанбек Мұхамедиұлы 17 маусымда министр қызметінен кетті. Министр кетсе де, министрлік қалды. Соған орай, Мұхамедиұлының көтерген бастамалары қазір қалай жүзеге асып жатқанын әлде тоқтап қалғанын білу үшін іnformburo.kz Мәдениет және спорт министрлігіне сұрау салды. Ведомство өкілінің айтуынша, жүзеге асуы тоқтап қалған жоба жоқ. Тек мерзімдері шегерілген. Айталық, "Балалар туристік пойызы" 2020 жылдан бастап барлық өңірде іске қосылады. Қызмет тегін.

"Қазақстанның туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2020 жылдың жаз маусымынан бастап балалар туристік пойызын іске қосу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта маршруттар әзірленді. Пойыздың негізгі мақсаты – оқушыларға Қазақстанның тарихи, мәдени, сауықтыру және танымдық көрнекті орындарын көрсету. Пойыз ірі туристік дестинацияларда аялдайды, онда балаларды туристік автобустар күтіп тұрады. Экскурсиялар мен демалыс бағдарламасынан кейін балалар одан әрі саяхат жасау үшін өз вагондарына қайтады. Таңдау кезінде тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларға, білім беру жарыстарының жеңімпаздарына, үздік оқушыларға басымдық беріледі", – дейді Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Гүлзат Жуаспаева.

Мәдениет және спорт министрлігі, сондай-ақ, балалардың ұшақ қызметін тегін пайдалануына мүмкіндік беретін «Kids go free» жобасының қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы да хабардар етті. Айта кетейік, экс-министр Арыстанбек Мұхамедиұлы мамыр айында балалармен бірге саяхаттауға шығатын ата-аналар үшін "1+2" схемасы да (бір ата-ана үшін екі бала) "Kids go free" қағидаты бойынша балалардың тегін ұшуын қамтамасыз ететін авиамаршруттарын субсидиялау жоспарланып жатқанын айтқан болатын. Жоспар бойынша, бұл жоба биыл жазда іске қосылуы қажет болса да, қазіргі таңда ол Мәжіліс депутаттарының қарауында жатыр екен.


Оқи отырыңыз: Балалар жазғы демалыс кезінде жұмыс істегісі келеді. Олардың қандай құқықтары мен мүмкіндіктері бар?


"Мәдениет және спорт министрлігі демалыс кезеңінде ТОП-10-нан басым туристік дестинацияларда тасымалдау шығындарын өтеу жолымен 2-15 жас аралығындағы балалардың тегін ұшуына мүмкіндік береді. Бұл ішкі туризмді ынталандыру мақсатында жасалып отыр. Жоба әуе тасымалын субсидиялау арқылы іске аспақ. Ал мұндай субсидия тек оқу демалысы кезінде беріледі. Субсидиялау шарты бойынша бір ересек адам өзімен бірге екі баланы тегін алып ұшаққа отыра алады. Яғни, әкесі мен анасы төрт баланы алып жүретін мүмкіндікке ие. Бірақ бұл шараны іске асыру жергілікті және республикалық бюджет қаражатын талап етеді. Қазір «Kids go freе» тетігі іске асу үшін туристік қызмет туралы заң жобасына қажетті түзетулер енгізілді. Аталған заң Мәжіліс қарауында жатыр", – делінген министрлік өкілінің жауабында.

Мәселе оң шешімін тауып жатса, жоба 2020 жылдың туристік маусымына дейін іске қосылады.



Источник: “https://informburo.kz/kaz/balalar-turistk-poyyzy-ske-osylady-al-kids-go-free-zhobasy-mzhls-arauynda.html”

Резонанс

Теги